Цифрлы дәуірдің «Шебер – Педагогымен» сұхбат
Құрметті оқырмандар! Бүгін бізбен бірге — тәжірибелі ұстаз, педагог-шебер, “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі иегері әрі әлеуметтік желіде белсенді, шығармашыл ұстаз Гульнара Даулетбахова.
Тілші: Өзіңізді біздің журналдың сүйікті оқырмандарына қысқаша таныстырып өтсеңіз…
Қай пәннен сабақ бересіз, қанша жылдан бері ұстаздық етесіз?
Педагогикаға қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауға не түрткі болды?
Даулетбахова Гульнара: Мен Шымкент қаласы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімін. Жалпы білім беру саласында 31 жыл бойы еңбек етіп келе жатырмын.
Кеңестік дәуірде мұғалім деген ең үлгілі, қоғам құрметтейтін, шәкірт қызыға қарайтын, беделді тұлға болатын. Сол заманның “ҰСТАЗ” бейнесі менің мұғалімдікті таңдауыма қатты әсер етті. Яғни, мен мұғалім болуды балалық шағымнан армандаған адаммын, ал “әдебиетші болуым- мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сыдықов Мұсабек ұстазымның ықпалы” десем, қателеспеймін. Ол кісі менің сөз өнеріне, поэзияға етене жақын екенімді танып білгендіктен, мені әдебиеттің сырға толы, жырға толы энциклопедиясына жетектеп апарды да, сүңгітіп жіберді.
Тілші: “Педагог-шебер”мәртебесін алу үшін қандай жолдан өттіңіз?
Ұстаздық қызметтегі ең үлкен жетістігіңіз қандай?
Даулетбахова Гульнара: «Педагог-Шебер» мәртебесін алу үшін, біріншіден, 31 жыл өмірімді жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнадым. Мұғалімнің тынымсыз ізденіспен, адал еңбекпен жеткен әр жетістігі- үлкен жеңіс.
Негізінде, 2021- 2025 жылдар мен үшін конкурс, олимпиада майданындағы ең өнімді жылдар болды.
Екіншіден, оқушыларды конкурс, байқауларға үздіксіз дайындадым, әр қатысқан сайыстан құр алақан қайтқан жоқпын. Жетістіктер жеңіске, мәртебеге апаратын жол.
Ең бастысы, «сапалы сабақ, академиялық адалдықпен» еңбек еттім.
“Еңбек- бәрін жеңбек!”
“Шеберді” қол жеткізу үшін 2018 жылы мамыр айында пәндік білімді байқау тестіне қатыстым. Өте оңай өттім. Тест дегеніңіз- білгенге маржан. “Шеберді” бағындырудың қиындығы тесте емес, портфолиода. Мұғалім үшін әсіресе авторлық бағдарламаның құжаттарын дайындау – аса күрделі, ауыр үдеріс, оны «Шеберлер» жақсы біледі. Аталмыш жоғары біліктілік талаптарын академиялық адалдықпен орындадым. 2023 жылы қайта бекіттім.Әрине, бәрі- еңбектің арқасы!
Ең жоғары жетістігіңіз қай жетістік?” дедіңіз бе?
Бәрінен де бәйгеге салып баптаған шәкіртім Мекенбай Нұрайдың 2022 жылы республикалық пән олимпиадасында 3-орынға ие болып, жеңімпаз атануы- оқушы үшін де, мен үшін де жеңістің биік шыңы.
Келесі бір үлкен жетістік – “Ғаламтор және қазақ тілі” атты авторлық бағдарламам. Бағдарлама 2023 жылы республикалық сараптамалық кеңес отырысында мақұлданды. Бұл, әлбетте, айтарлықтай үлкен жетістік!
Қазіргі таңда «Қазбілім» ұлттық лицейінің Шымкент филиалында қолданыста.
Тілші. Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?
Даулетбахова Гульнара: ұстанымым – адалдық пен әділдік!
Кез келген маманда адалдық пен әділдік болмаса, онда мемлекетімізді өзге ел емес, өзіміз-ақ күйретеміз. «Парақорлық жайлаған заман болды, амалым бар ма?!» деп, қол қусырып қарап отыра берсек, адал жандардың армандарын тұншықтырамыз, балалардың тауын шағамыз, сондықтан әрбір отандасымыз кез келген ортада адалдық пен әділдіктің салтанат құруы үшін белсенді болуы тиіс!
Тілші:Сіздіңше, әлеуметтік желіде белсенділік деген не?
Белсенді мұғалімдер жайында пікіріңіз қандай?
Даулетбахова Гульнара: Әлеуметтік желідегі белсенділік дегеніміз- өзіңіз өмір сүріп жатқан мемлекеттің ішкі жағдайына, халықтың ахуалына, қарапайым тілмен айтқанда, көз алдыңызда болған әділетсіздікке көз жұма қарай алмау, ол – елге, жерге деген адалдық, жанашырлық! Белсенді болам деп болмайсың-ау, қоғам белсендіреді. Шынтуайтқа келгенде, біздің елде әлеуметтік желідегі белсенділердің басым бөлігі –мұғалімдер. Егер мақсаты айқын, міндеті адал болса, белсенділердің мемлекетке әкелетін пайдасы мен көмегі көп.
Негізі, әлеуметтік желі – тәжірибе бөлісу мен жинақтаудың, шығармашылық контент жасаудың үлкен мүмкіндігі. Нақтырақ айтқанда, мәселен, сіз пайдалы материалдарды бөлісе аласыз, өзіңіз өмір сүріп отырған мемлекеттің қоғамға пайдалы жобаларын насихаттай аласыз, жаңалықтар мен өзгерістерге өзіндік үн қосу, ұсыныс айту мүмкіндігіңіз бар. Бұл жаман ба?
Сөз соңында айтарым: Қоғамның қозғаушы күші болып табылатын, саналы ұрпақты қалыптастырушы мұғалім кәсіби, құқықтық, медициналық, мәдени, саяси тұрғыда жан-жақты сауатты , қоғамға өнегелі болса, М.Жұмабаев айтқандай, «алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» болады!
Сұхбатыңызға рахмет!
Шымкент қаласы
А.Сәдібекұлы

