Отбасының қалыпты және қалыптан тыс дағдарыстарының психологиялық ерекшеліктері

Жанғозиева Манет Салықбаевна  – аға оқытушы,

Ақтау қаласы,  Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті

 

 

Отбасы  тұлғаның  әлеуметтенуіне ең маңызды және әсер етуші фактор болып табылады. Сондықтан, отбасындағы тәрбиелеу жолы, оның әлеуметтік жағдайы, отбасының қалыпты және қалыптан тыс дағдарыстары отбасы мүшелеріне әсерін тигізбей қоймайды.Бұл әсердің салдары жас ерекшелігімен жиналып, тұлға құрылымына өтеді.

Отбасылық дағдарыс – отбасы жұмыс істеуі және ескі мінез-құлық үлгілерін пайдалана отырып, жаңа жағдайларға қабілетсіздігінен сипатталады. Психологтар отбасылық дағдарысқа көбіне жас отбасылар түседі дейді. Қазіргі қоғамның қайшылықтары, оның барлық проблемалары мен қиындықтары, бірінші кезекте, отбасыға, өскелең ұрпаққа кері әсерін тигізеді, яғни бұл қайшылықтар отбасылық дағдарысқа әкеліп соғады.  Отбасылық дағдарысты еңсерудің ең негізгі жолдары, өз-өзіне, отбасына психологиялық көмек көрсету болып табылады.

Отбасы психологиясын зерттеушілер А.Г.Харчев, А.Н.Антонов, З.И.Файнбург, Д.Горборинко оның функцияларын ата-ананың үгіт-насихаты, түсіндіруі, олардың үлгі-өнегесі, үйдегі ахуал, отбасының психологиялық тынысы арқылы балалардың әдеті, мінез-құлқы, жақсы-жаманды бағалау уәзіндері (критерий) қалыптасуымен бірге қандай қылықтары үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын, әділдік пен адалдық ұғымдарын меңгереді деген тұжырымдар жасады.

Отбасының өмірлік циклінің бір кезеңінен келесі кезеңіне өтуде отбасылық жүйенің дамуының нормативті дағдарыстары болады, олар әрбір отбасының жаңа міндеттер арасындағы қайшылықтарды шешуінен және отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас сипатынан көрінетін дағдарыстар. П. Босс көптеген отбасының атқаратын қызметтері мен құрылымы өзгергенде бастан кешетін қиындықтарды нормативті стрессорлар деп атайды. Өтпелі дағдарыстарды шешу табыстылығы отбасының тиімді қызмет етуін және оның үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді.

С.Кратохвил неке өтілімінің дәрежесіне қарай  басталатын дағдарыстардың «стандартты» уақытын бөліп көрсетеді. Олар: 3-7 және 17-25 жыл өтілімі бар отбасы. 3-7 жас дағдарысы бір жылға жуық созылады. Ол романтикалық көңіл-күйдің жоғалуынан, өзара түсіністіктің төмендеуінен, жанжалдың көбеюінен,эмоциялық күштенулерден, некеге қанағаттанбаушылық сезімінен, ерлі-зайыптылық опасыздықтан (көзге шөп салу) көрінеді. 17-25 жас дағдарыс айқын көрінбегенімен ұзаққа созылады (бірнеше жылға дейін). Оның белгілері – эмоциялық тұрақсыздықтың өршуі, отбасынан ересек баланың кетуіне байланысты жалғыздық сезімінің пайда болуы, уайымшылдық. Егер некеге түскеннен кейін шамамен 3-4 жылдан соңбаланың өмірге келетінін ескерсек, 3-7 жылдық некенің хронологиялық аралығы кішкентай нәрестелік және ерте сәбилік жастағы балалары бар отбасы кезеңімен, яғни отбасылық жүйенің түбегейлі өзгеру кезеңімен (ата-ана жауапкершілігін алу, жас ананың кәсіби немесе оқу іс-әрекетінен шеттеуі, ерлі-зайыптылардың үйренген өмір салтына, қарым-қатынасына, бос уақытқа шектеу қоюы, отбасының материалды жағдайының төмендеуі) байланысып жатыр.Сондықтан, отбасының қайталанып отыратын дағдарыстары отбасы қызметі мен құрылымының өзгерістеріне байланысты.

Қалыпты дағдарыстармен қатар, отбасының ажырасу, ерлі-зайыптының біреуінің көзге шөп салуы, отбасы құрамының өзгерісі (баланың тууына қатысты емес), бала асырау, түрлі себептерге байланысты ерлі-зайыптылардың бірге тұра алмауы, жасөспірім қыздың жүкті болуы,қаржылық қиындықтар т.б. сияқты жағдайлардан көрінетін қалыптан тыс дағдарыстары жайында да айтуға болады. Отбасының қалыпты емес дағдарыстарына мыналар  жатады: ерлі-зайыптының біреуінің, ата-ананың біреуінің немесе баланың қайтыс болуы;ерлі-зайыптының біреуінің көзге шөп салуы; отбасының дамуының әлеуметтік жағдаятында күрт өзгеріс (әлеуметтік статустың өзгеруі, отбасының материалдық жағдайының өзгеруі);отбасы мүшелерінің біреуінің ауыр созылмалы аурумен сырқаттануы.

Отбасылық қатынастар бойынша құрылған отбасы  анықтамаларының ішінде А.Г.Харчевтің ұсынған анықтамасы бойынша – «отбасы – бұл жұбайлар арасындағы ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, оның мүшелері бір-бірімен некелік және туыстық қатынаспен байланысады, ортақ тұрмыс пен өзара адамгершіліктің жауапкершілікпен, қоғамның қажеттіліктеріне шартталынған әлеуметтік тәуелділікпен сипатталады». «Отбасы денелік өмір мен әлеуметтік ағза өмірінің арасында байланыстырушы буын» – деп берген А.Б.Харчевтың отбасы ұғымына анықтамасы жалпылама түрде болып табылады.       Отбасының стрессогенді факторларға қарсы тұра алуынан оның ұйымшылдығы, бірлігі, стресске қарсы әрекет жасайтын ішкі және сыртқы ресурстары көрінеді. Кездейсоқ дағдарыстық оқиғаның пайда болуы отбасы жүйесінің үйлесімділігің бұзылуына әкеледі, әрі жаңа жағдайға бейімделуді талап етеді.

Отбасындағы қарым-қатынас адамзат өмірінде аса маңызды роль атқарады. Қарым-қатынас нәтижесінде отбасында тұлғааралық байланыс орнығып, өзара мәміле қалыптасып, дамитындығы әр жеке тұлғаның қалыптасуында жетекші факторлардың бірі болады. Қарым-қатынас барысында өзара пікір алмасу, сезім әлеміне бірлесіп ләззат алу, қайғы, қуанышта ортақтас болу арқылы адамдар арасында сенімді кең ауқымды эмоциялар арқылы екі немесе бірнеше психологиялық жүйе, не бірнеше рухани әлем және ой-пікір, сана-сезім, мінез-құлық, қылық-жорықтар арасында келісім, өзара түсіністік, не болмаса қақтығыс, талас-тартыс, қарама-қайшылық тұрғысындағы мәміле үрдісі іске асады (А.В. Мудрик, А.В. Запорожец, Қ. Жарықбаев, Ж.Ы.Намазбаева, С.М. Жақыпов, М. Мұқанов ).

Қазіргі таңда отбасылық өмірде адами қасиеттерге баса назар аудару талап етілуде. Осы орайда, жауапкершілік, өзін-өзі ұстай білу, мақсаткерлік, дербестік, шешімділік, тұрақтылық, қайсарлылық,  тәртіптілік пен өз сұранымын басқарудағы қабілеттілік және т.б. сияқты қасиеттерді жастардың бойына сіңірту әлеуметтік институттардың алдында тұрған басты мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі.  Бұл жөнінде: «Адам тәрбиелеу, отбасында өзінің ұлы мен қызын тәрбиелеу – адамзаттың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі, оның азаматтық борышы»-дейді В.А. Сухомлинский.

Иә, шындығында да Отбасы – адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзі, ол материалдық және рухани үдерістермен сипатталады, жас ұрпақтың тәлім-тәрбие алып, әлеуметтенуінің негізгі институты.

Бүгінгі күні отбасылық өмірдегі болып жатқан келеңсіз әрекеттер қоғамның басты мәселелерінің бірі болып отыр. Жастардың отбасылық өмірдегі қиындықтарға төтеп бере алмауының салдарынан бір-бірінің өміріне жауапсыздық танытып отырғаны белгілі. Отбасылық құндылықтар материалдық сипат алуына орай, жылылық, махаббат пен ізгілік, имандылық сияқты қасиеттер адами рухани азық екінші кезекте қалып отырған жайы бар. Сондықтан, дер кезінде жастардың болашағын дұрыс құруға бағыттау мемлекеттік маңызды жағдайлардың бірі болып табылады. Себебі, отбасы шағын мемлекет. Осы шағын мемлекеттің мүшелерінен қоғам құрылады.

Халқымыздың болашағы болып табылатын өскелең жас ұрпақтың әлеуметтену процесіндегі қарама-қайшылықтары айқын көрініп отырғаны байқалуда.

Елімізде  жастар арасында қылмыстың өсе түсуі,отбасындағы зорлық-зомбылық, түрлі жағымсыз мінез-құлықтар мен әдеттердің көрініс алуы бүгінгі күні қоғамды қатты алаңдатып отырғаны сөзсіз. Бұл топтағы жастар отбасын құрып, мемлекетіміздің белсенді жасаушысы болмақ түгілі, өздерінің және өзгелердің өмірлеріне жауапсыз қарайтындығы анық.

Зайырлы мемлекетіміз жастарды болашақтың бастамасы ретінде мойындай отырып, саяси сипатта олардың орнын ойып тұрып негіздеп отырғаны белгілі. Мұның дәлелі еліміздің Президенті Қасым-жомарт Тоқаев жастар саясаты мен отбасы құндылықтарына  ерекше мән беріп келеді.

Қазіргі таңда жаһандану жағдайында батыс мәдениетіне еліктеушілік жастардың бойында жағымсыз қылықтардың дамуына алып келіп отыр. Осы орайда, батыстық өмір салттары қанымызға сіңген қазақы болмысымызға елеулі зиянынын тигізетін әдеттері мен қылықтар дендеп келеді. Осы орайда, елімізде қоғамдық өмір мен әлеуметтік қатынастарды демократияландыру ұраны бола тұра мұндай  бейбастық іс-әрекеттер ұлттық тәлім- тәрбиеге, этностық қарым- қатынасқа түбірімен қарсы бағытталғанын естен әрдайым шығармау қажет. Болып жатқан осындай келеңсіз, кесірлі құбылыстарға қазақ жастары болашағының едәуір билігі елігіп, еліктеуі қанат  жайып бара жатқаны бізді алаңдатары сөзсіз.  Мұндай келеңсіз  әрекеттердің белең алуы осы уақытқа дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің рухани- өнегелік және этностық құндылық негізіне, ғасырлар бойы қалыптасып келген эстетикалық әлеуеттің некелік-отбасылық қатынастарға батыстық мәдениеттің «жүгенсіз насихаты» бел ортасынан балта шабуда. Бұл қоғамның қасіреті ретінде алға шыға отырып, адами болмысымыздың табиғатына қиянат келтіріп отырғаны анық.

«Отбасы – адамның өте маңызды, өте жауапты ісі.Отбасы өмірді кемеліне келтіреді, отбасы бақыт әкеледі, бірақ әрбір отбасы, ең алдымен мемлекеттік маңызы бар зор іс болып табылады»,- деп көрнекті педагог А.С.Макаренко айтқандай, отбасы қоғамның маңызды буыны және өзінше бір кішігірім ұжым ретінде тұлға тәрбиелеу мен әлеуметтендіру жүйесінде шешуші роль атқарады.

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Каирова Б. К. Отбасылық өмір психологиясы: оқу құралы / Каирова Б.К., Тойымбетова Д.С. – Қостанай: ҚМПИ, 2016. – 144 б.
  2. Коляева М.В. Отбасын қолдау орталығы қызметкерлерінің әдістемелік құралы.. – Шымкент, 2007. – 184.
  3. Олифович Н.И., Зинкевич-Куземкина Т.А., Велента Т.Ф. Психология семейных кризисов. – СПб.: Речь, 2006. – 360.

4.Алешина Ю.Е.Индивидуальное и семейное психологическое консультирование. – М.: Независимая фирма «Класс», 2000.

  1. 5. Гавит А.Ю., Тийт Э.А. Психология семьи. –Москва, 2015.
  2. 6. Харчев А.Б. Проблемы семейного воспитания. –Москва, 2009.

 

 

 

Пікір қалдыру

Электрондық пошта жарияланбайтын болады. * жұлдызшасы бар өрістерді міндетті түрде толтыру керек.


Байланыс


+7 777 542 6070 (WhatsApp)

@ustaz.enbegi

+7 702 341 4295

ustazenbegi@mail.ru

Авторлық құқық!

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жанама құқықтар толық сақталады. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.


Сайт санағы

Яндекс.Метрика