Мемлекеттік тілді дамыту- басты парызымыз

Отарова Ақмарал Нұрғожақызы

Ш.Есенов атындағы КТИУ, Туризм және тілдер факультеті деканы, Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

 

 

Түркі елдерінің ішінде түп-тамырын сақтаған ең таза тіл -Қазақ тілі, мемлекеттік тіліміз. Ол -ұлтымыздың жаны, халықтығымыздың, елдігіміздің ең басты көрсеткіші. Ұлттық кодтың жиналатын, сақталатын, ұрпақтан-ұр­пақ­қа берілетін қоры да, қазы­на­сы да, тасымалдаушысы да  ана тіліміз. Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов  бастаған Алаш зиялы­­лары, кешегі Бауыржан Момышұлына дейін ұлттың біртуар перзенттері,  қайраткерлері   ана тіліміздің ұлтты сақтаудың тікелей кепілі еке­­нін, оның келешегіне қатты алаңдаушылық білдіріп отырғаны баршамызға аян.

Мемлекетіміздің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал»,- деген болатын.   «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»-, деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде ана тілін, халқымыздың әдет-ғұрпын,  ұлттық салт-дәстүрін, ділін насихаттап, сақтап қалу ісіне белсене араласып, өз үлесін қосып келе жатқан қоғамдық ұйымдардың бірі –Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың  бағдарламасын жүзеге асыруда, өңірдегі бірден-бір білім ордасы Университетімізде Халықаралық қазақ тілі қоғамының бастауыш ұйымы құрылып, мемлекеттік тілді дамытуға арналған біршама істерді атқарып келеді.  Оның ішінде болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын, филологтарды даярлап отырған Қазақ филологиясы кафедрасының  профессор-оқытушылары тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын жаңа қоғамға лайықты етіп тәрбиелеу, оның дүниетанымын, көзқарасын, ақыл-ойын қалыптастыру, бар күш-жігерін туған жері мен елі ұшін жұмсауға үйрету, туған тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен дінін қадірлеуге баулуды басты міндет етіп келеді

2022 жылдың қыркүйек айында «Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалы мен  Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, арасындағы мемлекеттік тілді дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы  МЕМОРАНДУМ жасақталды.

«Қоғамның басты мақсаты – қоғамдық сана мен ұлттық сананы ояту, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы мен мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, мемлекеттік тіл ретінде республикада қазақ тілінің толыққанды қызмет етуіне қажетті жағдайлар жасалуына ықпал ету» деп белгіленген міндеттерін орындап жатыр.

Ең басты міндетіміз мемлекеттік тілдің барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғашқы шарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі  және  соған орай іс қағаздарының қазақша жүргізілуі дер едік. Іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге   асуының  нақты көрсеткіштері. Yessenov University брендімен «ашық­тық, ықыластылық, креативтілік» сынды құндылықтарды ұлықтап, қазақ­стандық жоғары білім саласында өзіндік орнын айқындай алған оқу орны бүгінде өңірі­міздегі жоғары білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығына айналып отырған университеттегі барлық құжаттар айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүреді. Бүгінгі күні талапқа сәйкес  барлық құрылымдық бөлімшелерінде барлық іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Университеттің жоғары ұйымы Ғылыми кеңестен бастап барлық құрылымдардағы  кеңестер, мәжілістер, Халықаралық, республикалық көлемдегі  ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстел, ғылыми, оқу-әдістемелік  семинарлар мемлекеттік тілде өткізіледі. Оқу ісі, ғылыми-зерттеу, тәрбие, жастармен жұмыс қай салада болмасын Мемлекеттік тіл саясаты талапқа сай жүргізіліп отыр деуге болады

Университеттің бар­лық факультеттерінде, әсі­ресе жаратылыстану факульте­т­те­рінде қазақ бөлімдерінің басым болғандығына орай  оларға арнап қазақ тілін­де оқулықтар мен оқу құралда­рын жазылып, шетел тілдеріндегі көптеген ғылыми әдебиеттерді аударылуда.

Атап айтқанда мемлекеттік тілде университет ғалымдары – соңғы 2 жылдың өзінде  25 оқулық пен 190 оқу құралдарын және әдіс­теме­лер жазып шығарды.

Кафедра аймақтағы тіл, әдебиет пен мәдениетті зерттеу мен дамыту мәселелерін көтеретін өңірдегі Тіл саясатын жүргізуге тұрақты түрде сүбелі үлесін қосып келеді.

Оқу үрдісіндегі мемлекеттік тілдің қолданысы. Оқу орнында ұрпақ тәрбиесін және білім беру жұмыстарын жаңа талаптар тұрғысынан ұйымдастыруға байланысты көптеген істер атқарылып келеді.

Оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура білім беру деңгейлеріндегі  барлық білім беру бағдарламалары мемлекеттік тілде жасақталған. Барлық мамандықтарда қазақ топтары бар.  Оқыту тілінің  тоқсаннан астам пайызы- мемлекеттік тілде.

Барлық білім беру бағдарламаларында  Академиялық жазылым, Сөз өнері, Сакральды Маңғыстау, қазақ тілі мен әдебиеті, филология білімі беру бағдарламаларында латын графикасына негізделген қазақ жазуы теориясы мен практикасы, Өлке әдебиеті,  Әбіштану, Абайтану, Өлке әдебиеті, Маңғыстау топонимикасы таңдау пәндері жүргізіліп, талантты білімалушылар үшін  Шешендік өнер, Абайтану, Шоқ жұлдыз т.б үйірмелер жұмыс жасайды. Маңғыстау аймағының этнобренді саналатын рухани-танымдық, әдеби-тілдік туындыларды («Қырымның қырық батыры» жырлар циклі, Ә.Кекілбаевтың тарихи-көркем туындылары, Адай шежіресі, жыраулар поэзиясы т.б.) оқып-үйрету арқылы білімалушылардың бойында отаншылдық, адамсүйгіштік, білімге құштарлық рухын қалыптастырады.

Мемлекеттік тілдің өміршеңдігінің бір өлшемі- ғылым тілі ретінде қолданыста болуы. Тілдің өміршеңдігі қағазға басылып, сақталып тұрған көркем әдеби немесе ғылыми құндылықтармен емес, тілдің күнделікті ауызекі сөйлеуде қарым -қатынас құралы болуы не болмауымен өлшенеді.

Университет кітапханасында білімалушыларымыз үшін  қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған  әлемнің  100 үздік оқулығымен қамтамасыз етілген.

Сонымен қоса білім беру бағдарламалары мемлекеттік тілде оқытылатын студенттердің, магистранттардың, докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебі, дипломдық жоба, магистрлік, докторлық диссертациялары  мемлекеттік тілде тапсырылады (қорғалады).

2023-2025жж гранттық қаржыландыру байқауында жеңіп алынған 6 жобаның 5-уі мемлекеттік тілде өтінім беріліп, ұттық ғылыми кеңесте мақұлданды. Биылғы жылға мемлекеттік гранттық қаржыландыру байқауына  ұсынылған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруына ұсынылған 70 ғылыми жобаның 80 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, оның халықаралық деңгейде таныту бағытында Университетте шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында  Өзбекстан республикасы Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті, Иран мемлекетіндегі Горган университеті, Астрахань мемлекеттік университеттерінде Қазақ тілі, Абай әлемі орталықтарын ашу ісі қолға алынып, меморандум жасақталды. Бұндай орталықтардың ашылуы  шетелдік студенттердің қазақ тілін оқып, қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен танысуына  мүмкіндік берері сөзсіз.

Осы бағытта 15 қыркүйек күні Есенов университетінде  Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің ректоры Ахмед Мәмбетқарымұлы Реймовпен және Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Атабек Жолдасбекұлы Тұрсынбековпен кездесу өтіп, меморандум жасалды. Аталған университетпен 2 жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын  жүргізудеміз, академиялық ұтқырлық бойынша  білімалушылар, оқытушылармен алмасулар жүріп келеді.

Ш.Есенов атындағы КТИУ Үздіксіз білім беру институты Қазақстан Республикасы аумағында қызмет ететін мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне арналған мемлекеттік тілді кәсіби бағытта үйретуді тиімді жүзеге асырудың жолдарын белгілеу үшін «КАЗТЕСТ жүйесі» және «Іс жүргізуші» атты курстарын өткізудің қолға алып келеді.

Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның ғылым мен білім саласында қолдану аясын кеңейту  мақсатында мемлекеттік тіл туралы мақалалар беру, білімалушылар үшін тақырыптық танымдық дәрістер, семинар, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарлы түрде өтіп отырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді қолдау, оны дамыту жұмыстарын насихаттауда біршама жетістіктерге қол жетті. Қазақ халқының салт-дәстүр, тарихын таныстыру, мемлекеттік тілді дамытуда көптеген істер атқарылуда

Есептік кезеңде  университет ғалымдарының мемлекеттік тіл туралы 30-ға жуық мақаласы жарық көрді. Атап айтсақ, профессорлар Ә.Қабыловтың «Мемлекеттік тілдің мерейі», «Ана тілі ұлт абыройы», «Рухани жаңғыру жағдайындағы қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың кейбір мәселелері», А.Н.Отарованың «Қазақ түркологиясының атасы», «Жыраулардың ізімен», Б.Нұрдаулетованың,  Н.Қамарова және т.б. ғалымдардың мақалаларын атап айтуға болады.

«Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның ғылым мен білім саласында қолдану аясын кеңейту» тақырыбымен қазан- қараша айларында Қазақ филологиясы кафедрасының профессор-оқытушыларының   университеттің барлық факультет студенттерін қамтыған дәріс сабақтары жүргізілді.

Атап айтқанда, Тіл – өркениет өзегі, Мемлекеттік тіл және ұлттық рух, Мемлекеттік тіл – жалпыұлттық құндылық, Тіл – қоғамдық құбылыс, Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы, Мемлекеттік тілдің ономастика саласындағы рөлі, Мемлекеттік тіл мәртебесіне қызмет еткен қайраткерлер, Мемлекеттік тіл-ұлт бірлігінің басты факторы  т,б тақырыптарда танымдық дәріс, семинар жұмыстары жүрді. Дәріс сабақтары екі мың студентті қамтыды.

Университет профессор-оқытушылары мемлекеттік тілдің практикалық, теориялық мәселелері, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің қазіргі таңда өзекті болып отырған мәселелерін, өңірдің тілдік, әдеби мұраларын зерттеп-зерделеуге ғылыми ізденістерімен тұрақты түрде сүбелі үлесін қосып келеді.  Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге қатысты семинар-кеңестер, конференциялар өткізілді.

Кафедра аймақтағы тіл, әдебиет пен мәдениетті зерттеу мен дамыту мәселелерін көтеретін өңірдегі Тіл саясатын жүргізуге тұрақты түрде сүбелі үлесін қосып келеді.

Тек соңғы жылдардың өзінде «Ұлттық құндылықтардың тілдік әдеби аспектілері рухани – жаңғыру контексінде» халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясы, «Серікбол Қондыбай зерттеулері: жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар контексінде» «Қазіргі заманғы түркологияның ғылыми даму миссиясы және Ғұбайдолла Айдаров феномені» «Абай мұрасы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» «Абай танымындағы адамзат және жаратылыс концепциясы» «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы – кемеңгер ғалым-геолог, ағартушы және қоғам қайраткері» «Ноғайлы жырлары және Мұрын жырау феномені», Қазақ әдебиеттану ғылымы дәстүр және сабақтастық, «Тіл, әдебиет  және білім беру мәселелері-мәдениетаралық қарым-қатынастар контексінде» атты халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларды ұйымдастырып өткізгенін атап айтсақ болады. Конференцияның пленарлық мәжілістеріне алыс-жақын шетелдік ғалымдар, отандық тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының көрнекті академик, профессорлары қатынасып, терең теориялық баяндамаларын жасады, тіл мен әдебиеттің өткені бүгіні мен келешегі туралы пайымдаулар айтылды.

Кафедраның  ПОҚ құрамы Маңғыстау ақындары мен жазушылары шығармашылығының көркемдік ерекшеліктері, Маңғыстау өңірі рухани құндылықтарының лингвистикалық аспектісі бағытында ғылыми шығармашылық бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. .

Мемлекет басшысы Жариялаған Ұлттық жобалардың әр қайсысы еліміз дамуының ең басты бағыт-бағдары деп білемін. Соның ішінде рухани-мәдени бірегейлікті сақтау, әрбір Қазақстан азаматының ғылыми әлеуетін дамыту, жастардың бойында адами рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында Ұлттық рухани жаңғыру жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Ұлттық рухани жаңғыру жобасы ең алдымен қазіргідей жаһандану кезеңінде ұлттық кодымызды сақтай отырып, рухани мәдени бірегейлікті, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан біртұтас ұлттық болмысын, ана тілін, ата-бабадан қалған салт дәстүрді, тарихын тану мәселелерін  ұрпақ бойына сіңіру, қоғамның талғамын көтеру, халықтың рухын көтеру мәселелерін қамтиды.

Осы бағытта  университетте мемлекеттік тілдің маңызын  насихаттау, оның ұлт тұтастандырушылық ролін ұғындыру мақсатында   ғылыми кітапханасы, факультеттері  студенттерге арнап әртүрлі тәрбиелік мәні бар іс-шаралармен қатар жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың өзінде 50 ден аса  тілдік шара ұйымдастырылып, ол өз нәтижесін берді.

Мемлекеттік тілді ұлықтау мақсатында дәстүрлі Қазақстан халықтары тілі мерекесі күнін апталық түрінде өткізу үрдіске айналған.

Мәселен, Қазақстан халқы Тілдері мерекесі мен А.Байтұрсынұлының 151 жыл толуына орай апталық іс- шараларының  жоспары “Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға”, «Ұлттың рухани көсемі – А.Байтұрсынов» «Ахмет Байтұрсынұлы –  қазақ санасының шамшырағы»  “Ұлылар үндестігі: Ахмет және Абай А.Байтұрсынов және  қазақ әліпбиі“Жаздым сөз жаным ашып Алашыма”,  “Алаштың рухани көсемі-Ахмет Байтұрсынұлы, Қазақ тілі- ұлт біріктіруші тіл тақырыптарында танымдық дәріс, көркемсөз оқулары, дөңгелек үстел, эсселер сайсы, кинофильм тамашалау сияқты түрліше форматта шаралар жүргізілді.

5.09.2023жыл университетімізде  білім алушылар үшін “Мағжан Жұмабаев-заманның заңғар тұлғасы” атты жалпыхалықтық диктант өткізілді. Диктантты “Қазақ филологиясы” кафедрасының меңгерушісі,ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор А. Н. Отарова “Абай” атындағы аудиторияда, филология ғылымдарының докторы, профессор Б. И. Нұрдаулетова “Әл-Фараби” атындағы аудиторияда білім алушыларға диктант жүргізді.

05.09.2023 Достық үйінде өткен Халықаралық Қазақ тілі қоғамы, облыстық білім басқармасы ұйымдастыруымен өткен “Тілге құрмет-елге құрмет” атты мотивациялық кездесуде Отарова А.Н, Кабылов Ә сарапшы ретінде қатынасты.

30.01.2023ж  Түпқараған ауданы С.Шапағатов елдімекеніндегі Ғ.Айдаров атындағы мектеп-лицейде Қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен   «Көрнекті түрколог, көне жазу білгірі Ғ.Айдаров және Маңғыстау аймағы бағзы таңбаларының  тарихи құндылығы» атты рухани-танымдық  іс-шара өтті. Іс шара спикерлері А.Н.Отарова, өлкетанушы Нұрлан Құлбаев, мәдениеттанушы университет оқытушысы Г.Ешмановалар болды.

14 ақпан, 2023ж Филология ғылымдарының докторы, профессор, тілші-ғалым, «Арыс» қорының президенті Әнес Ғарифолла Қабдолқайырұлы «Жаһандану жағдайындағы ұлттық құндылықтардың маңызы» сұхбат-қонақтық дәрісі, «Арыс» баспасынан жарық көрген А.Айталының «Ұлттану», А.Әбсадықтың «Серт», Т.Қуанышевтің «Күй анасы-Дина» т.б құнды еңбектерінің  таныстырылымы болды.

17.02.2023 күні Есенов университетінде Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ МОФ ұйымдастыруымен «Тіл-өркениет өзегі» атты семинардың ашылуы болды.Семинардың мақсаты-Маңғыстауда оқып жүрген шетелдік студенттер мен өзге ұлт өкілдерінен құралған тыңдаушыларды тілдік ортаға бейімдей отырып,қазақ халқының тарихын,салт-дәстүрін насихаттау. Семинарға спикер ретінде ел азаматтары,қоғам белсенділері Хайруллаев Нұржігіт Нұрболатұлы мен Сүгірбай          Аят Исатайұлы және ф.ғ.к.профессор, кафедра меңгерушісі Отарова Ақмарал Нұрғожақызы қазіргі мемлекеттік тілдің қолдану жайы,тіл мәдениеті,мәселелері туралы жан-жақты пайымдаулар жасады.

22.02.2023 Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасымен бірге  Жазушы, драматург, журналист,тарихшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарайдың шығармашылығына арналған «Теңіз жыршысы» атты әдеби-танымдық кеш болып өтті.  (Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасымен бірге) Жазушы шығармашылығы туралы Отарова А.Н, Кабылов Ә баяндама жасады.

29 қараша, 2022 жылы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Шерхан Мұртаза-жазушы, публицист, қоғам қайраткері» атты   апталық өтті

15.12.2022 жылы Қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері атты Зейнол белгілі әдебиеттанушы, тілші ғалымдар З. Бисенғали, Ж.Манкеева, Б.Момынова, Ж.Тілеповтердің қатысуымен  семинар жүргізілді.

9 мамыр күні Yessenov University шаңырағында халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары, жазушы, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы қаламгер, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың «Аманаты асқар таудай ана» атты кездесу кеші өтті.
Студенттеріміз ана тіліне деген сүйіспеншілігін, таланты мен қабілетін облыстық, республикалық байқау, сайыстарда көрсетіп жүлделі орындарға ие болды. Өткен жылы Республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсынан қазақ тілі мен әдебиеті БББ  3-курс студенті Г.Байымбетова 1-орын,  Ибадулла Тұрсынай, Мағжан Жұмабайлар 1,2 орынды иеленсе,  2023 жылдың Қараша айында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «IITI CUP V» республикалық гранд пікірсайыс турнирінің «Үздік спикері» номинациясымен Қазақ тілі мен әдебиеті БББ 1-курс студенті Оразбаева Мөлдір марапатталды.

Тәуелсіз елдің жас ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өз-өіне сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, жан-жақты адам ретінде қалыптастыруда ана тілінің атқарар қызметі зор. Олар өз тілін жетік білмейінше халқымыздың сырлы да сазды әуенін, ертегі, аңыз, қилы- қилы сырға толы дастандарын, сөз маржаны – мақал-мәтелдерінің мағынасын түсінуі, одан ғибрат алуы мүмкін емес.

Университет қабырғасында білім алып жатқан болашақ мамандар тек өз мамандықтарын меңгеріп қана қоймай, өз Отанының, қазақ халқының рухани мұрасын бойына сіңіре білген зиялы жан болуы да шарт. Ұлтына, дініне қарамастан барлық студенттер мемелекеттік тілдің қызмет тілі екенін түсініп, аса үлкен жауапкершілікпен қарайды, қазақ тілінің болашағына сеніммен қарайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген болатын.Сондықтан мемлекеттік тіліміздің мәртебесін, оның құзыретін  іс жүзінде нығайту  оны келер ұрпаққа жеткізу бәріміздің перзенттік борышымыз, міндетіміз болмақ Бұл шындығында бәрімізге артылған жауапкершілік жүгі, барша қазақстандықтардың ортақ ісі. Отбасындағы тәрбиеден бастап, ел басындағы азаматтарға дейін өз ісінде осыны естен шығармауы тиіс.

 

Ақмарал Отарова


Пікір қалдыру

Электрондық пошта жарияланбайтын болады. * жұлдызшасы бар өрістерді міндетті түрде толтыру керек.


Байланыс


+7 777 542 6070 (WhatsApp)

@ustaz.enbegi

+7 702 341 4295

ustazenbegi@mail.ru

Авторлық құқық!

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жанама құқықтар толық сақталады. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.


Сайт санағы

Яндекс.Метрика