Кәсіби қарым-қатынаста басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшеліктері

Жетісу облысы, Талдықорған қаласы

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті

2 курс магистранты

Нұрғали Жансая Рахымбергенқызы

 

 

Кәсіби қарым-қатынаста басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшеліктері

 

Аңдатпа. Көшбасшылықтың тиімділігін анықтайтын жеке қасиеттерді зерттеу арқылы басқарушы тұлғаны кәсіби қарым-қатынаста табысқа жетелейтін психологиялық ерекшеліктерді анықтау мәселесі бүгінгі күні түрлі ғылым салаларының өзекті тақырыбына айналуда. Кәсіби қарым-қатынаста басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін қарастыру мәселесі психология саласында да үлкен маңызға ие болып отыр. Осыған сәйкес, зерттеу мақаламызда басқарушы тұлғаның кәсіби қарым-қатынастағы психологиялық ерекшеліктерін қарастыру мәселесі көзделді. Зерттеу нәтижесінде  кәсіби қарым-қатынаста басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін қамтитын тұлғалық қасиеттері, көшбасшылық стилі, беделі қарастырылды.

Тірек сөздер: басқарушы тұлға, көшбасшы, басқару психологиясы, психологиялық ерекшелік, психологиялық портрет.

 

Соңғы уақыттарда көптеген кәсіп ұйымдарының қазіргі бизнес әлемінде аман қалу және табысқа жету мүмкіндігі көбінесе басқарушы тұлға мен қызметкерлер, басқарушы тұлға мен өзге кәсіп ұйымдары арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты тиімді орнағанына байланысты өрбиді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін анықтау басшының белгілі бір топты басқарудағы көшбасшылық жеке қасиеттерінің рөлінің артуына, оның кәсіби қарым-қатынастағы басқарушылық іс-әрекеті процесінде сөзсіз туындайтын қиын жағдайлардан шығу мүмкіндігін арттырумен айқындалады. Дегенмен, тұлға психологиясына арналған ғылыми еңбектердің көптігіне қарамастан, қазіргі уақытта басқару психологиясында бұл мәселені жан-жақты қарастырған ғылыми зерттеулер жоқтың қасы.

Басқарушы тұлғаның кәсіби қарым-қатынастағы құзыретті келіссөздері оның тұлғааралық тиімді әрекеттестігіне негізделеді және басқа адамдардың ерекшеліктерін ескере отырып, іскерлік қарым-қатынас дағдыларын талап етеді. Сондықтан да басқарушы тұлғаның кәсіби рөлінің психологиялық шарттылығы зерттеу үшін маңызды және өзекті ғылыми мәселе болып табылады.

Шешім қабылдау функциясы басқарушы тұлғаның негізгі қызметі болып табылады. Бұл басқарудың барлық құрамдас бөліктері мен кезеңдерін қоса алғанда, басқару қызметіне де қатысты, өйткені басқарудың мәні шешім қабылдау және тиімді даму мақсатында ұйымға әсер ете отырып, оның құрылымын өзгерту болып табылады. Сонымен бірге, менеджмент және басқару саласында зерттеулер жүргізген ғалымдар В.Д.Дорофеев, А.Н.Шмелева, Ю.Ю.Частухинаның пікірінше, басқару іс-әрекетінде бейресми, субъективті факторлардың рөлі зор, сондықтан басқарушы тұлғаның кәсіби қызметінің ерекшеліктері басқару теориясы мен психологияның зерттеу пәні болып табылады [1]

Психология ғылымдарының докторы Л.Р.Кричевскийдің [2] зерттеу нәтижелері бойынша, көшбасшылық формальдық қатынастар жүйесінде орын алатын құбылыс және басқарушының рөлі алдын ала белгіленіп, оны жүзеге асыратын тұлғаның функцияларының ауқымы көрсетілген. Басшыны одан да жоғары тұрған басшылық сырттан тағайындайды, ол тиісті өкілеттік алады және белгіленген санкцияларды қолдануға құқылы.

Л.Р.Кричевский тиімді көшбасшының психологиялық портретін талдай отырып, басқарушы тұлғаның кәсіби қарым-қатынаста қол жеткізуге болатын тиімділігін бағалау критерийлерін ұсынады. Тиімділік критерийлері екі сыныпқа бөлінеді: психологиялық және психологиялық емес.

Ғалым басқарушы тұлғаның кәсіби тиімділігіне әсер ететін психологиялық критерийлерге төмендегілерді жатқызады [2]:

  • Әртүрлі аспектілерімен (әріптестермен және қол астындағы қызметкрлермен кәсіби қарым-қатынас, еңбек жағдайлары, жалақы және т.б.) еңбек ұжымындағы мүшелікке қанағаттану;
  • Топ мүшелерінің мотивациясы (жұмыс істеуге деген ұмтылыс және ұжымдағы мүшелікті сақтауға ұмтылу);
  • Ұжымдағы басшының беделі;
  • Ұжымның өзін-өзі бағалауы (бірқатар маңызды сипаттамаларға қатысты және оның жұмыс істеу табысының жалпы нәтижесін білдіреді).

Басқарушы қызметінің тиімділігіне қатысты жоғарыда аталған критерийлерді ескере отырып, Л.Р.Кричевский топтық тиімділіктің осы психологиялық және психологиялық емес критерийлері бойынша өзі басқаратын ұжым жоғары жетістіктерге қол жеткізсе, басқарушы тұлға да өз ұжымы мен қоғамға тиімді болып саналады деген қорытындыға келеді.

Ағылшын психологы М.Шоу басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін үш құрамдас: биографиялық сипаттамалар, қабілеттер, тұлғалық қасиеттер тұрғысынан қарастыруды ұсынады [3]. Әрбір компонентті толығырақ қарастырайық.

Басқарушы тұлғасының  биографиялық сипаттамаларына оның жасы, жынысы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы және білімі жатады.

Жас – бұл адамның табиғи ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан анықталған сипаты. Р.Л.Кричевский жас пен басқарушы тұлғаның көшбасшылық тиімділігінің арақатынасы туралы зерттеу деректерін талдай отырып, 21-25 жастағы жастардың арасынан және үлкен жастағы ересек адамдардың арасынан шыққан көшбасшылардың мысалдарын келтіре отырып, жас пен басқарушылық жетістіктердің өзара қарым-қатынасы анықталмаған деген қорытындыға келеді.

Адамның жыныстық сипаты оның қоғамда қабылданған, жеке тұлғаның жақын ортасында, мысалы, отбасында тәрбиеленетін рөлдік мінез-құлық стандарттарын меңгеруімен және жүзеге асыруымен тығыз байланысты екендігі жалпы қабылданған. Дәстүр бойынша, басқарушы тұлға – ер адам, бірақ соңғы уақыттарда бұл рөлде әйелдер де өздерін көбірек танытуда. Осыған байланысты қазіргі заманғы әлеуметтік-психологиялық зерттеулерде әйелдер көшбасшылығының үлгілеріне қызығушылық артып келеді. Әрине, ерлер мен әйелдердің басқарушылық сипаттамаларында кейбір айырмашылықтар анықталды, бірақ бір немесе басқа жыныстың көшбасшы ретіндегі басым тиімділігі туралы ғылыми негізделген деректер жоқ.

Басқарушы тұлғаның мәртебесі мен біліміне келетін болсақ, бұл сипаттамалар көшбасшылықтың тиімділігімен жоғары оң корреляцияға ие.

Басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшелігіне әсер ететін келесі құрамдас бөлік – қабілет. М.Шоу қабілеттерді жалпы (интеллект) және арнайы (білім, дағды, т.б.) деп екі түрге бөледі.

Психология ғалымдары Э.Гизелли, Т.Коно [3] пікірінше, интеллект пен басқару тиімділігінің арақатынасы әрдайым бірыңғай емес, әдетте, ең тиімді басқарушылар шамадан тыс жоғары немесе төмен интеллектуалдық көрсеткіштерге ие емес, олардың интеллекттері орташа бағаға ие.

Басқарушы тұлғасының арнайы қабілеттеріне арнайы дағдылар, білім, құзыреттілік және хабардарлық жатады.

Үшінші құрамдас – басқарушының кәсіби қарым-қатынаста тиімділікке қол жетуіне ықпал ететін тұлғалық қасиеттері. Бұл қасиеттерге келесі тұлғалық сипаттамалар жатады [4]:

  • Үстемдік. Бұл қасиет қызметкерлерге әсер ету ұмтылысы ретінде сипатталады. Басшының үстем ықпалы әлеуметтік, ресми ұйымдастырушылық және психологиялық сипаттағы құралдарға негізделген;
  • Сенімділік. Қол астындағыларға тұрақтылық сезімін беретін, ал басқа басшыларға іскерлік ынтымақтастыққа негіз болатын басшыға тән қасиет – өзіне деген сенімділік;
  • Эмоционалды тепе-теңдік. Бұл қасиетке ие басқарушы тұлға кәсіби қарым-қатынаста өзінің эмоционалды көріністерін бақылай алады, адекватты эмоцияларды білдіреді;
  • Стресске төзімділік;
  • Шығармашылық. Шығармашыл басшы өз қызметінде жаңашыл шешімдер арқылы маңызды мәселелерді шеше біледі;
  • Табысқа жетуге деген ұмтылыс. Жетістікке қол жеткізуге деген ұмтылыс кәсіби қарым-қатынаста басшының мәселені шешу үшін жауапкершілікті қабылдауын, қалыпты, болжамды тәуекелдерге ұмтылуын және нақты кері байланыс қажеттілігін қамтиды;
  • Жауапкершілік. Кәсіби қарым-қатынаста басқарушы тұлғаның жауапкершілігі бір жағынан келісімдерге адалдықты, екінші жағынан өнімнің жоғары сапасын білдіреді;
  • Тәуелсіздік, өз көзқарасың мен өз кәсіби және адамдық келбетіңнің болуы;
  • Коммуникативті қарым-қатынасқа ашықтық табысқа жетудің маңызды сипаттамаларының бірі болып табылады, өйткені басқарушы тұлға жұмыс уақытының төрттен үш бөлігін қарым-қатынасқа арнайды.

Басқарушы тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін қарастыруды жалғастыра отырып, басшы тұлғасын қамтитын көшбасшылық стиліне көшейік.

Көшбасшылық стилі – бұл басқарушының практикалық іс-әрекетінің тәсілдері, әдістері мен формаларының салыстырмалы түрде тұрақты жүйесі. Сонымен қатар, басқару стилі басқару шешімдерін дайындау және орындау процесінде басқарушы тұлғаның мінез-құлқының тәсілі мен әдісі ретінде түсініледі. Басқаша айтқанда, көшбасшылық стилі – басқарушы тұлғаның кәсіби қарым-қатынаста үнемі қолданатын әдістерінің жүйесі.

Көшбасшылық стилі – бұл басқарушыға тән жеке құбылыс, өйткені ол басқарушылық қызмет атқаратын белгілі бір адамның спецификалық ерекшеліктерімен анықталады және басқарушы тұлғаның адамдармен жұмыс істеу ерекшеліктерін және шешім қабылдау технологиясын көрсетеді [5].

Басқарушы тұлғаның кәсіби қарым-қатынастағы психологиялық ерекшеліктерін қарастыра отырып, бұл ерекшеліктерге жататын көшбасшы беделіне көшейік.

Психолог Ю.П.Степкиннің [6] зерттеулері бойынша көшбасшылық биліктің үш формасы бар: моральдық, функционалдық және формалды.

Формалды (ресми, қызметтік) билік басқарушы тұлғаға берілетін өкілеттіктер мен құқықтардың жиынтығымен анықталады.

Моральдық беделдің негізі – жеке тұлғаның дүниетанымы мен адамгершілік қасиеттерінен тұрады.

Функционалдық өкілеттіктің өзегін басқарушының құзыреттілігі, оның әртүрлі іскерлік қасиеттері, оның кәсіби қызметіне деген қатынасы құрайды.

Биліктің моральдық және функционалдық аспектілерін қамтитын басқарушы тұлғаның психологиялық беделі оның кәсіби тиімділігінің шарты ғана емес, сонымен бірге оның өзі басқаратын ұжымдағы жеке, стильдік және басқа да өмірлік көріністерінің нәтижесі болып табылады.

Сонымен, жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылай келе, басқарушы тұлғаның кәсіби қарым-қатынастағы психологиялық ерекшеліктерінің негізін үш маңызды фактор құрайды деп қорытындылауға болады: тұлғалық қасиеттері, көшбасшылық стилі, беделі. Осы ерекшеліктердің әрқайсысының өзіндік сипаттамалары бар, әрқайсысы басқарушы тұлғасының тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Дорофеев В. Д., Шмелева А. Н., Частухина Ю. Ю. Организационное поведение. Пенза: Пензенский государственный университет, 2004. 142 с.
  2. Кричевский Р.Л. Если Вы – руководитель… Элементы психологии менеджмента в повседневной работе. М.: Дело, 1996. 384 с.
  3. Моисеева Е.А. Психологическая характеристика руководителя [Электронный ресурс] / Е.А. Моисеева. Личность в меняющемся мире: здоровье, адаптация, развитие: сетевой журн. 2015. № 3(10) – С. 59-73. URL: https://cyberleninka.ru/article/n/psihologicheskaya-harakteristika-rukovoditelya (дата обращения: 08.01.2025)
  4. Логинова В.В., Красильникова А.С. Влияние психического склада на взаимодействие и поведение людей / В.В. Логинова, А.С. Красильникова // European Social Science Journal. 2015. № 2. С. 168-174.
  5. Генов, Ф. Психология управления / Ф. Генов.-Москва: СИНТЕГ, 1982.- 424 с.
  6. Стёпкин Ю.П. Авторитет руководителя / Сб. «Промышленная социальная психология. Под ред. Е.С. Кузьмина, А.Л. Свенцицкого. Л.: ЛГУ, 1982. – С. 178-

USTAZ ENBEGI


Пікір қалдыру

Электрондық пошта жарияланбайтын болады. * жұлдызшасы бар өрістерді міндетті түрде толтыру керек.


Байланыс


+7 777 542 6070 (WhatsApp)

@ustaz.enbegi

+7 702 341 4295

ustazenbegi@mail.ru

Авторлық құқық!

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жанама құқықтар толық сақталады. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.


Сайт санағы

Яндекс.Метрика